Өңдеуші өнеркәсіпке, көлік инфрақұрылымы мен логистикаға мемлекет тарапынан жүйелі түрде көрсетіліп отырған қолдау республикадағы ЖІӨ өсімін ынталандырып отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Өнеркәсіпті дамыту қоры акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Ринат Гаппаров (суретте) айтып берді.
– Ринат Эдуардұлы, Қор отандық тауар өндірушілерге қандай нақты мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады және қандай талаптармен?
– Ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 11 мамырда отандық экономиканың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында құрылған қор (ӨДҚ) — «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі құрылымына кіретін Қазақстанның Даму Банкінің еншілес ұйымы ретінде инвестициялық жобаларды лизингтік қаржыландырумен айналысады.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қор портфеліндегі қаржылық лизингтің үлесі 90,6 пайызды құрады. Мұндағы басты назар — қолдауға шын мұқтаж қазақстандық өндірушілерге аударылып отыр.
Лизинг алушылар пулына машина жасау кәсіпорындары, азық-түлік, тігін өнімдері, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және қазақстандық қамтуды ұлғайтуға, жергілікті өндірісті дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған өзге де өнім өндірушілер кіреді.
Өнеркәсіпті дамыту қоры 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңдеуші өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасының операторы болып табылады. Тұжырымдама аясында 3–9 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру жүзеге асырылып келді. «Бәйтерек» холдингінің жаңа стратегиясына сәйкес, жаңа инвестициялық жобалар бойынша пайыздық мөлшерлемелер біріздендірілді. Нарықтық жағдайларды ескере отырып, отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерді жүйелі қолдауды жалғастыру үшін Қор біртұтас сыйақы мөлшерлемесін — жылдық 12,6 пайыз деңгейінде белгіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында 2024 жылдан бастап Қор Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл даму» ұйымымен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл жобалар бойынша қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 3 пайызды құрайды.
– Қордың қолдауы негізінен жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ме, әлде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тауар өндірушілерге бағытталған ба?
– Қаржылық қолдау жаңа кәсіпорындарды құруға да, сондай-ақ өңдеуші және инфрақұрылымдық салалардағы қолданыстағы өндірістерді кешенді жаңғыртуға да бағытталған. Қордың қолдауымен халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған өнеркәсіптік нысандар пайдалануға берілуде.
Қолданыстағы кәсіпорындар да техникалық қайта жарақтандырылуда. Бұл үшін олар заманауи өндірістік желілерді сатып алуда, нәтижесінде жоғары деңгейдегі дайын өнімдер шығарылады. Қордың корпоративтік саясатының негізгі қағидаттары ретінде жобалардың экономикалық тиімділігі мен әлеуметтік бағдарланғандығы жарияланған. Бұл салық түсімдерінің айтарлықтай артуын, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуын, отандық жаңа тауарлардың пайда болуын, экспорттық әлеуеттің ұлғаюын көздейді.
Қордың басты мақсаты ешқашан пайда табу болған емес. Біздің мүлде басқа миссиямыз бар – елдің экономикалық әлеуетін нығайту. Тек 2024 жылдың өзінде Өнеркәсіпті дамыту қоры Қазақстан экономикасының нақты секторына 778 миллиард теңгеден астам тікелей инвестиция бағыттап, 318 индустриялық және инфрақұрылымдық жобаны қолдады. Сонымен бірге, біз қаржылық-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуін көрсетіп отырмыз. Үш жылдың ішінде қордың инвестициялық портфелі 2022 жылдың басындағы 642 миллиард теңгеден 2025 жылы екі триллион теңгеге дейін, яғни үш еседен астамға өсті.
Егер өңдеуші өнеркәсіптегі ірі жобалар туралы айтатын болсақ, Қор 2022 жылы 129 миллиард теңгеге 14 кәсіпорынды қолдаса, 2023 жылы 187 миллиард теңгеге 27 жобаны қаржыландырды. Ал 2024 жылы Қордың қаржылық қолдауымен іске қосылған немесе жаңғыртылған өндірістер саны екі еседен астамға артып, жалпы сомасы 370,8 миллиард теңге болатын 61 кәсіпорынды құрады.
– Қор қолдаған жобалардың ішінде бірегей, «пилоттық» деп айтуға болатын жобалар бар ма?
– Әрине, біздің портфелімізде кластерлік «пионер» деп айтуға болатын жобалар бар. Олардың іске асырылуы кез келген моноқаланы экономикалық құрылымы әлдеқайда әртараптандырылған көпбейінді қалаға айналдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Экибастұзда Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен теміржол доңғалақтарын, ұсақ және орташа құйма бұйымдарын, сондай-ақ жолдың үстіңгі құрылымының бөлшектерін шығаратын кешенді теміржол кластері құрылды. Ковка-бандаж кешенін қамтитын бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты — жылына 160 900 дана өнім. 800 жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл тағы бір қала — Қарағанды облысындағы Сарань – экономикасын әртараптандыру нәтижесінде моноқала мәртебесінен шығарылды.
Сарань қаласында Қордың қолдауымен бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар пайдалануға берілді. Соның ішінде тұрмыстық техника шығаратын зауыт бар. Жеті мың шаршы метр аумақта жеті түрлі тұрмыстық техниканы: теледидарлар, кір жуғыш машиналар, газ плиталары, шаңсорғыштар, электрлі су жылытқыштар, шағын пештер және ас үйге арналған сорғыштар құрастыратын жоғары технологиялық желілер іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты — жылына бір миллион дана тұрмыстық техника. Жоба аясында 1 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ Сарань қаласында Қордың қаржылық қолдауымен пайдалануға берілген тағы бір бірегей өндіріс – жолаушылар автобустары, карьерлік, құрылыс және жол арнайы техникасын шығаратын зауыт. Кәсіпорынның өндірістік қуаты — жыл сайын 1 500-ге дейін қалааралық және қалалық автобус, сондай-ақ 1 000 бірлік арнайы техника. Бұдан бөлек, локализация деңгейін арттыру және өндірістің толық цикліне қол жеткізу мақсатында биыл бұл зауыт Қазақстанда алғаш рет кузов бөлшектерін штамптау өндірісін іске қосуда.
Қордың қаржылық қолдауымен іске қосылған тағы бір, сөздің тура мағынасындағы бірегей жоба — Сарань қаласындағы шиналар зауыты. Бұл — Қазақстанда автокөлік шиналарын шығаратын алғашқы әрі жалғыз кәсіпорын. Өндірістік кешеннің құрамына шикізатты дайындаудан бастап, резеңке қоспаларын әзірлеу, компоненттерді жасау, шиналарды құрастыру, вулканизациялау және дайын өнімнің сапасын бақылауға дейінгі толық технологиялық цикл кіреді. Кәсіпорынның қуаты – жылына 3,5 миллион дана жеңіл және жүк көліктеріне арналған шина.
Осылайша, біз республикада бұрын болмаған, халықаралық стандарттарға сай мүлдем жаңа, жоғары технологиялық өндірістердің құрылуына куә болып отырмыз.
Ал жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға келсек, мұнда да бірнеше мысал келтіруге болады. Мысалы, Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржылық қолдауымен Қазақстанның арматура зауытының техникалық қайта жарақтандырылуы оның өндірістік қуатын жылына 4,5 мыңнан 45 мың бірлікке дейін, яғни он есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің саны төрт есе артты.
Алматыдағы отандық тігін фабрикасын жаңғыртудан кейін дайын өнім көлемі екі есеге артып, жылына бір миллионнан астам тігін бұйымдарын шығаруға жетті. 111 жаңа жұмыс орны құрылды. Осылайша, әрбір жоба өндірістік қуаттарды еселеп ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке түсетін салық көлемін арттыру сынды мультипликативті әсер береді.
– Ринат Эдуардұлы, Қор көлік-логистика саласындағы жобаларды да қолдайтыны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстар туралы толығырақ айтып өтсеңіз...
– Иә, Қор түрлі техника паркін жаңарту ісіне белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, тек 2024 жылы ғана түрлі салалар мен ведомстволар өздеріне тиесілі техникаларды айтарлықтай жаңартты: қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын 1 000-нан астам жолаушылар автобусы, 260 жедел жәрдем көлігі, 158 бірлік өрт сөндіру автоспецтехникасы жаңартылды. Сондай-ақ 2 316 жолаушылар және жүк вагондары мен электропойыздар жаңартылды.
Қазақстанның машина жасау саласын Қор тарапынан жүйелі қолдау көрсетуі кездейсоқ емес, өйткені бұл жобалар әлеуметтік маңызға ие. Қордың бүкіл жұмыс кезеңінде түрлі ведомстволар мен ұйымдарға әртүрлі мақсаттағы 30 500-ден астам отандық техника бірлігі сатып алуға қаржыландыру берілді.
Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында әуе хабтарын және авиациялық техникалар паркін дамыту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осыған сәйкес, Қор жеңіл авиацияны лизингтік қаржыландыруды іске асыруда. Өткен жылы ТЖМ қажеттіліктері үшін Қордың қаржылық қолдауымен төрт жеңіл ұшақ сатып алынды. 2025 жылы оның екеуі берілді, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы екеуі жеткізіледі.
Сонымен қатар, былтыр Қордың қолдауымен үш отандық өндірістегі тікұшақ сатып алынды. Олар орман өрттерінің алдын алу және жою жұмыстарында пайдаланылатын болады.
– Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, экономикалық көрсеткіштермен қатар Қор үшін әрбір жобаның әлеуметтік мәні де маңызды екенін айтуға бола ма?
– Мен айтар едім, Өнеркәсіпті дамыту қоры өз қызметінде үшбірлікті мақсаттарды — экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағыттарды басшылыққа алады. Негізінде, осы үш базалық тірек біздің қаржы институтымыздың бүкіл қызметінің басты қағидаттары болып табылады.
Экономикалық фактор — бұл еліміздің ЖІӨ мен экономикалық өсімін ынталандыру; әлеуметтік фактор — жаңа жұмыс орындарын құру, техника паркін жаңарту және кеңейту; экологиялық фактор — жобаларды қарау кезінде экологиялық стандарттарды ескеру.
Қор саясатының тиімділігін 2024 жылы халықаралық Sustainable Fitch рейтингтік агенттігі Қорға ESG рейтингісін «2» деңгейде, жалпы 63 балмен беруі дәлелдейді. Бұл — қаржы секторы құрылымдарына берілген ең жоғары бағалардың бірі. ESG-күн тәртібі ең алдымен әлеуметтік және экологиялық факторларды қамтитыны белгілі.
Сонымен қатар, өткен жылы Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қордың несиелік рейтингін «Ba1»-ден «Baa3»-ке дейін жоғарылатып, «позитивті» болжам берді.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан» республикалық газеті