Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі - Республика күні қарсаңында еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлерін, ғалымдарын, кәсіби сала өкілдерін мемлекет алдындағы айрықша еңбегі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін түрлі айырым белгілерімен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Ерең еңбегі үшін» медалі дәстүрлі түрде экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытудағы ерекше жетістіктері үшін беріледі.
Жанар Ибрашеваның еліміздің қаржы-экономикалық саласындағы, сонымен қоса Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі құрылымындағы тәжірибесі 28 жылды құрайды.
Ол өз кәсіби жолын 2007 жылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да Жоспарлау және корпоративтік қаржы департаментінің бас менеджері ретінде бастап, Қоғам Басқармасы Төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
Жанар Шатырханқызы корпоративтік қаржы мәселелері мен мемлекеттік органдармен өзара іс-шараларды қадағалайды. Сонымен қатар, ол өнеркәсіп пен инфрақұрылымды тұрақты дамытуға бағытталған Қордың стратегиялық жоспарлау қызметін үйлестіреді.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваның тікелей қатысуының арқасында ел экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылды.