
2025 жылғы қараша айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен 27 жаңа жолаушылар вагонынан тұратын кезекті әрі биылғы жылдың қорытынды партиясы жеткізілді.

Ұлттық теміржол тасымалдаушысы Қордың қолдауымен жалпы 157 жолаушылар вагонын сатып алды. Аталған вагондар 2024-2025 жылдары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жеткізілді.

Отандық «RWS Wagon» ЖШС (бұрынғы «ЗИКСТО» АҚ) өндіретін заманауи жолаушылар вагондары жоғары жайлылығымен, ауа баптау жүйесімен, дыбыс оқшаулаумен ерекшеленеді және купелік, плацкарт және облысаралық бағыттарға арналған модификацияларды қамтиды.

Бүгінгі таңда статистикаға сәйкес еліміз халқының шамамен 60%-ы теміржол көлігін тұрақты пайдаланады, бұл осы саланың әлеуметтік маңыздылығын дәлелдейді. Тек 2024 жылдың өзінде Қазақстанда теміржол арқылы шамамен 21 млн жолаушы тасымалданды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4% артық, әрі бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

Жалпы алғанда, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен отандық теміржол саласы үшін 694 жолаушылар вагоны жаңартылды.

Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары Қордың қолдауымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ әрқайсысы 6 жайлы жолаушылар вагонымен жабдықталған 3 электр пойызын сатып алды.

Аталған электрлі жылжымалы құрамдар атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайтын, халықаралық экологиялық стандарттарға сай келетін «жасыл» көлік түрлеріне жатады.

Осылайша, Өнеркәсіпті дамыту қоры отандық теміржол саласының вагон паркін жаңартуға және оны әрі қарай жаңғыртуға елеулі үлес қосты.




