«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 2025 жылғы 17–19 сәуір аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен «Жаңа шынайылық жағдайында іскерлік әріптестікті дамыту» тақырыбындағы І Евразиялық қаржы-экономикалық форумға қатысты.
Халықаралық шараға Еуразия құрлығының елдерінен мемлекеттік құрылымдардың, даму институттарының, салалық қауымдастықтардың басшылары, бизнес өкілдері, ғалымдар, жетекші қаржы сарапшылары мен экономистер жиналды.
Форум ауқымды тәжірибе алмасу алаңы болып, халықаралық қаржылық ынтымақтастық, инвестициялық стратегиялар, жаһандық экономиканың трансформациясы жағдайындағы жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Форум аясында «Қаржы және кредит» тақырыбында салалық сарапшылардың қатысуымен арнайы сессия өткізілді.
Аталған сессияның негізгі спикерлері ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасарлары Жанар Ибрашева мен Зүлфия Зейнешева сөз сөйледі.
Қор өкілдері форумға қатысушыларды еліміздің экономикалық әлеуеті, Қазақстан Республикасындағы қолайлы инвестициялық ахуал аясында шетелдік серіктестер үшін ашылған мүмкіндіктер, сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның еліміздегі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуеттерді кешенді дамытуға бағытталған қызметі, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері мен бағдарламалары туралы мәліметтермен таныстырды.
Спикерлер қазіргі жаһандық жағдайда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артқанын атап өтіп, осындай диалог алаңдарының сауда және қаржы байланыстарын орнатуда, Еуразиялық кеңістіктегі елдердің нақты экономикасын нығайту үшін маңызды екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, форум шеңберінде Қор басшылығы Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту бағытында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бағдарламалары мен құралдары арқылы әріптестік орнату мәселелері бойынша мүдделі тараптармен бірқатар жұмыс кездесулері мен келіссөздер жүргізді.