«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «ЦентрКредит Банкі» АҚ қағаз өнімдерін шығаратын зауыт құрылысына қолдау көрсетті
Бірыңғай байланыс орталығы 70-77

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «ЦентрКредит Банкі» АҚ қағаз өнімдерін шығаратын зауыт құрылысына қолдау көрсетті

chat-bgov

Кеңес ал!

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «ЦентрКредит Банкі» АҚ қағаз өнімдерін шығаратын зауыт құрылысына қолдау көрсетті

10.04.2025


«ЦентрКредит Банкі» АҚ мен «KZ Recycling» ЖШС жалпы сомасы 15 миллиард теңгені құрайтын, 5 жыл мерзімге несие желісін беру туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ үшін төлем кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржыландыру Алматы қаласындағы индустриялық аймақта орналасатын картон және қағаз өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысына жұмсалады.

– Қор қолдайтын жобалар ел экономикасы мен қоғамына мультипликативті әсер етеді – салық түсімдері өсіп, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады, отандық жаңа өнімдер шығарылады және экспорттық әлеует артады. Біздің басты назарымыз – Қазақстандағы нақты қолдауды қажет ететін өндірушілер. Қағаз өнімдерін шығаратын жаңа зауыт – осының айқын дәлелі. Сонымен қатар, бұл жоба еліміздің экологиялық саясатына толық сай келеді. 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы аясында Қор Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және жоюмен айналысатын кәсіпорындарды қолдауға бағытталған бағдарламаны іске асыра бастады. Бұл – еліміздің экологиялық тепе-теңдігін нығайтуға жасалған маңызды қадам, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин.

Зауыт құрылысы барысында заманауи, жоғары технологиялық өндірістік желілер орнатылады, бұл өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында әртүрлі картон және қаптама өнімдері шығарылады, бұл отандық өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтуға оң ықпал етеді.

– Біздің банк нақты секторды белсенді түрде несиелендіріп келеді және жаңа жұмыс орындарын құру мен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруды өз стратегиясының маңызды бөлігі деп санайды. Қағаз өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысы – осындай маңызды бастамалардың бірі. Біз бұл жобаның еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге ықпал ететініне сенімдіміз, – деді «ЦентрКредит Банкі» АҚ вице-президенті Нұрлан Шегебаев.

Қаржы қаражаты зауыттың құрылысына, жаңа өндірістік желілерді сатып алуға және өндірістік қуаттылықты кеңейтуге, соның ішінде жабдықтарды лизингке алуға бағытталады.

– «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «ЦентрКредит Банкі» тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдіреміз. Бұл қаржыландыру бізге өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге де мүмкіндік береді. Осылайша біз нарыққа сапалы өнім ұсынып, қайта өңдеу және қаптама саласын дамытуға елеулі үлес қосамыз. Жоба ішкі нарық үшін де, экспорт үшін де маңызды рөл атқарады деп сенеміз, – деді «KZ Recycling» ЖШС Бас директоры Қанат Исабаев.

Айта кетейік, «KZ Recycling» ЖШС – Қазақстандағы макулатураны қайта өңдеу саласындағы ірі компаниялардың бірі. Компания қағаз, картон және қаптама өнімдерін өндіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа зауыт өндіріс көлемін арттырып, ішкі нарықтағы өнім сапасын жақсартуға және экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады.