Астана қаласында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қаржылық қолдауымен жаңа наубайхана өндіріс орны іске қосылды. Бұл инвестициялық жоба аясында Қор «R’n’R Group» ЖШС наубайхана ғимаратының капиталды құрылысын және заманауи наубайхана жабдықтарын сатып алуды қаржыландырды. Қаржылық лизинг мерзімі – 10 жыл, жылдық мөлшерлемесі – 9%.
Астанада ашылған жаңа өндіріс ошағы заманауи технологиялармен жабдықталған, автоматтандырылған техника халықаралық нан пісіру стандарттарына толық сәйкес келеді.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 25 тонна ұн өнімін құрайды. Өнім түрлері де әр алуан — қалыпты нан, батондар, тандыр нан, калаш, сүтті тоқаштар, плюшкалар, печенье және тәтті кекстер.
Белгілі болғандай, нан — әлеуметтік маңызы бар өнім, ал нан-тоқаш өндірісі — тамақ өнеркәсібіндегі негізгі салалардың бірі.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен іске қосылған жаңа наубайхана өндірісі нәтижесінде 88 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін салық көлемі артатын болады.