«Бәйтерек» холдингі және Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы ынтымақтастық перспективаларын талқылады
Бірыңғай байланыс орталығы 70-77

«Бәйтерек» холдингі және Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

chat-bgov

Кеңес ал!

«Бәйтерек» холдингі және Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

07.03.2025

5 наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Холдингтің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаевтың Ресей Федерациясы делегациясымен кездесуі өтті. Делегацияны Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) вице-президенті Дмитрий Курочкин басқарды.

Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі қолдау бағдарламаларына қатысу перспективалары, сондай-ақ Қазақстанда өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты ынталандыру тетіктері бойынша Холдингтің тәжірибесі талқыланды.

Кездесуге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Сейтжанов және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Асем Едилова қатысты.

Ресейлік делегация атынан ЕАЭО елдері бойынша СӨП РФ жобалық кеңсесінің жетекшісі Анастасия Астахова, Ресей экономикасын дамыту және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік кеңесінің жауапты хатшысы Сергей Звягин, сондай-ақ Ресейдің Экономикалық даму министрлігінің өкілдері Егор Шипицын мен Артур Семибратов қатысты.

Тараптар қаржыландыру тарту және өнеркәсіптік кооперацияны қолдаудың заманауи тетіктерін енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ресейлік әріптестер ЕАЭО аясында бірлескен жобаларды іске асыру үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сияқты құралдардың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді. Холдинг кәсіпкерлерді белсенді түрде қолдайды және біз ЕАЭО бағдарламалары аясында тәжірибе алмасуға әрдайым дайынбыз», – деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.

Кездесудің маңызды аспектісі өнеркәсіптік кооперация болды. "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева халықаралық ынтымақтастық қажеттігін атап өтті.

"Халықаралық ынтымақтастық - Өнеркәсіпті дамыту қоры саясатының бағыттарының бірі. Осы кездесу аясында ЕЭК ережелеріне сәйкес жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі және Қазақстанның өнеркәсібін дамытудағы ӨДҚ рөлі талқыланды", - деп атап өтті "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік байланыстарды дамытуға бағытталған бірлескен индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті.