2025 жылғы 3–4 шілдеде елордада, «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында IX Еуразиялық «GREEN ENERGY & WASTE RECYCLING» бизнес-форумы өтті. Форум жұмысына салалық мемлекеттік органдардың, даму институттарының басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жетекші экологтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылыми, сараптамалық және іскерлік қауымдастықтың мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында өзекті экологиялық мәселелерді шешуге арналған заманауи технологиялар, өндірістік және коммуналдық қалдықтарды өңдеудің жаңа тәсілдері, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді кәдеге жарату жобаларын іске асыру кезіндегі цифрлық шешімдерге қаржылық қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Форумның негізгі бағыттарының бірі — Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ туралы презентация болды. Қордың Аймақтық жобалық дирекциясының басшысы Асылхан Зикенов қатысушыларға Қордың экологиялық тепе-теңдікті сақтау және нығайту, тұрмыстық қатты қалдықтарды ұтымды және тиімді басқаруға бағытталған жобаларды қолдау бойынша қызметі туралы жан-жақты ақпарат берді.
2024–2025 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қоры қалдықтарды қайта өңдеу қуаттарын арттыруға бағытталған 51 миллиард теңгеден астам сомаға 11 ірі жобаны қаржыландырды.
Бұдан бөлек, қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы 11 жоба 26 миллиард теңгеден астам сомаға қаржыландыруға мақұлданды.
Сондай-ақ жалпы сомасы 80 миллиард теңгеден асатын 15 жоба кешенді сараптама мен мақұлдауға дайындау сатысында тұр. Аталған жобаларды іске асыру қалдықтармен жұмыс істеу саласында кешенді инфрақұрылым қалыптастыруға, қайта өңдеу үлесін арттыруға, өңірлік өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады.
Одан бөлек, жалпы құны 130 миллиард теңгеден асатын әлеуетті жобалар дайындық сатысында.
Асылхан Зикенов отандық кәсіпорындардың қалдықтарды өңдеу тақырыбына және қаржылық қолдау құралдарына деген жоғары қызығушылығын атап өтті. Осыған байланысты, бағдарлама 2026 жылдың соңына дейін есептелгеніне қарамастан, қаржыландыру лимиті ағымдағы жылы-ақ таусылуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ спикер қарыз алушылардың Қорға ұсынатын құжаттар пакеті тиісті деңгейде дайындалмағанын және оны Қор стандарттарына сай қалыптастыру бойынша нақты ұсынымдар берді.
Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарлама экологиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, экологиялық ESG-күн тәртібі — Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ өзінің күнделікті қызметінде басшылыққа алатын басты басымдықтардың бірі. Бұған дәлел — Қорға 2024 жылы халықаралық Sustainable Fitch рейтингтік агенттігі тарапынан ESG рейтингінің «2» деңгейі мен жалпы 63 балл берілуі. Рейтингтің жоғары бағасы Қордың дәйекті түрде жүргізіп отырған экологиялық және әлеуметтік саясатының нәтижесі болып табылады.