«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық қағаз өнімдерін өндірушіні қатпарқаптама желісін жаңғырту жобасын іске асыруда қолдады.
«KZ Recycling» ЖШС қазіргі заманғы жоғары технологиялық жабдық сатып алып, қатпарсыйымдылық өндірісінің қуатын жылына 117 миллион шаршы метрден 177 миллион шаршы метрге дейін ұлғайту мүмкіндігін алды. Бүгінгі таңда компания Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі ыдыстық картон, қатпарқаптама және қағаз өндірушілерінің бірі болып табылады.
Өндіріс көлемінің едәуір ұлғаюы қатпарқаптамаға ішкі сұранысты толық қанағаттандыруға және көрші елдерге экспортты қамтамасыз етуге бағытталған. Қатпарсыйымдылық тамақ өнеркәсібінде азық-түлік өнімдерін сақтау, сондай-ақ түрлі тұтыну тауарларын тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кеңінен пайдаланылады.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда қатпарқаптаманың пайдалану көлемі жылына шамамен 266 миллион шаршы метрді құрайды. Ал 2027 жылға қарай сұраныс 300 миллион шаршы метрден асады деп болжануда.
Бүгінгі таңда «KZ Recycling» ЖШС-де 840 адам жұмыс істейді. Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылық қолдауымен қатпарқаптама өндірісінің қуаттары ұлғайғаннан кейін, кәсіпорында 61 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін түсімдер артады.