
Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның ұзақ мерзімді рейтингін Baa3 деңгейінен Baa2 деңгейіне дейін жоғарылатты. Бір мезгілде рейтинг бойынша болжам «оң» деңгейінен «тұрақты» деңгейіне өзгертілді.
Рейтингтің жоғарылауы Өнеркәсіпті дамыту қорының мемлекет үшін және «Байтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі тобы үшін стратегиялық маңыздылығының артуын, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы оның басты рөлін көрсетеді.
Moody's өз есебінде «Байтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі тобының құрылымындағы Қордың позицияларының нығаюын, акционер мен мемлекет тарапынан дәйекті дамуды және қолдаудың жоғары деңгейін атап өтеді. Агенттіктің бағалауы бойынша Қор Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік секторын қаржыландыруды қамтамасыз ететін негізгі даму институттарының бірі болып табылады. Moody's сондай-ақ ұйымның тұрақты қаржылық жағдайын, капиталдандыру мен өтімділіктің жеткілікті деңгейін, сондай-ақ ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру міндеттерін орындау қабілетін атап өтеді.
Бүгінгі күні «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Қазақстанның ең ірі даму институттарының бірі және лизинг нарығының көшбасшысы болып табылады. Соңғы үш жылда Қор портфелінің көлемі екі жарым еседен астамға — 2023 жылдың басындағы 1,2 трлн теңгеден 2026 жылы 3,1 трлн теңгеге дейін өсті.
Берілген тұрақты болжам Moody's-тің Қордың тұрақты қаржылық көрсеткіштерін сақтауына, мемлекет пен «Байтерек» Ұлттық инвестициялық холдингінің қолдауын жалғастыруына, сондай-ақ ұйымның өзгермелі экономикалық конъюнктура жағдайында да жоғары қызмет сапасын сақтай алу қабілетіне қатысты күтулерін көрсетеді.
Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеуші өнеркәсіп пен көлік-логистика саласындағы жобаларды қаржыландыру арқылы елдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша өз миссиясын іске асыруды жалғастырады, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Анықтамалық ақпарат
2024 жылы Moody's Қордың рейтингін Ba1 деңгейінен Baa3 деңгейіне дейін жоғарылатты. 2025 жылы рейтинг Baa3 деңгейінде расталды. 2026 жылы рейтингтің Baa2 деңгейіне дейін жоғарылауы Қордың индустриялық даму және Қазақстан экономикасын жаңғырту бойынша мемлекеттік міндеттерді іске асырудағы рөлінің артып келе жатқанының кезекті растауы болды.




