
2026 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының ресми делегациясының Ислам даму банкінің штаб-пәтеріне Джидда қаласына жасаған сапары барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен Ислам даму банкі арасында 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру тарту туралы Негіздемелік келісімге қол қойылды.
– «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылысын салуды қамтамасыз ету мақсатында Ислам даму банкінен қаржыландыру тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жаңа инвестицияларды тарту және жаңа өндірістер құру арқылы өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.

Келісім Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының инфрақұрылысын салуға қаражат бағыттауды көздейді. Оның ішінде электр, жылу, су және газбен жабдықтау нысандары, сондай-ақ көлік және өзге де ілеспе инфрақұрылым бар.
Негіздемелік келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Ислам даму банкі арасындағы серіктестік қатынастардың дәйекті дамуын растайды және Мемлекет басшысы қойған ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған.




