
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор) жалпы көлемі 20 млрд теңге болатын, айналыс мерзімі 5 жылды құрайтын әлеуметтік облигациялар шығарылымын жүзеге асырды. Бұл қадам ұлттық экономиканың орнықты дамуын қолдауға және елдің негізгі әлеуметтік міндеттерін тиімді шешуге бағытталған.
Шығарылым аясында тартылған қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға мақсатты түрде жұмсалатын болады. Қордың басты басымдығы – халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге серпін беретін бастамаларды қолдау.
Әлеуметтік облигациялар шығару Қордың орнықты даму стратегиясын іске асырудағы маңызды кезең болып табылады.
Аталған шығарылым ESG (Environmental, Social, and Governance) қағидаттары саласындағы және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) әлеуметтік облигациялар жөніндегі қағидаттарына сай жүзеге асырылды.




