Өнеркәсіпті дамыту қорына – 20 жыл
Бірыңғай байланыс орталығы 90-77
chat-bgov

Кеңес ал!

Өнеркәсіпті дамыту қорына – 20 жыл

05.09.2025


2025 жылғы 6 қыркүйекте Қазақстанның Даму Банкінің еншілес ұйымы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы даму институтының құрылғанына 20 жыл толғанын атап өтеді.

Алғашында 2005 жылғы 6 қыркүйекте «БРК-Лизинг» АҚ ретінде құрылған бұл қаржы институты 2020 жылғы 11 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ болып қайта құрылып, жаңа атау мен мәртебеге ие болды.

Екі онжылдықта Қор табысты жолдан өтіп, бүгінде еліміздің лизинг нарығында 70%-дан астам үлеспен сенімді көшбасшы болып отыр.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қызметі ел экономикасының тұрақты дамуына бағытталған және өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылым салаларын жүйелі түрде қолдауды көздейді.

Қор жыл сайын өзінің қаржы-экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты өсуін көрсетуде. Тек соңғы үш жылда ӨДҚ портфелі 642 миллиард теңгеден (2022 жылдың басында) 2,2 триллион теңгеге дейін өсіп, үш еседен астам артты.


— Қордың корпоративтік саясатының негізгі қағидаттары – экономикалық тиімділік пен жобалардың әлеуметтік бағыттылығы. Бұл бюджетке салық түсімдерінің едәуір өсуіне, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнімдердің пайда болуына және республиканың экспорттық әлеуетінің артуына ықпал етеді. Қордың қолдауымен халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған өнеркәсіптік нысандар іске қосылады. Қызмет етіп тұрған кәсіпорындар техникалық жаңғыртудан өтіп, өнім сапасын арттыруға және жергілікті өндірістің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік алады.Көлік-логистика саласын дамыту аясында Қор өзінің бүкіл қызметі барысында түрлі ведомстволар мен ұйымдарға 31 000-нан астам отандық автотехниканы – жедел жәрдем көліктерін, өрт сөндіру машиналарын, құқық қорғау органдарына арналған көліктерді, жолаушылар автобустарын сатып алуға қолдау көрсетті. Тек 2024 жылдың өзінде Қордың қаржылық қолдауымен өңдеуші өнеркәсіптің 24 кәсіпорны іске қосылды, – деп атап өтті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров.

Сондай-ақ Қор қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату ісімен айналысатын кәсіпорындарды қолдауға бағытталған бағдарламаны іске асыруда. Бұл бастама экологиялық тепе-теңдікті нығайтуға септігін тигізуде.

Қор саясатының тиімділігін 2024 жылы халықаралық Sustainable Fitch рейтинг агенттігі берген ESG рейтингі де дәлелдейді: деңгейі «2», жалпы 63 балл. ESG күн тәртібі, ең алдымен, әлеуметтік және экологиялық факторларды қамтиды.

Сонымен қатар, 2024 жылы халықаралық Moody’s агенттігі Қордың кредиттік рейтингін «Ba1»-ден «Baa3»-ке дейін көтеріп, болжамын «позитивті» деп белгіледі.