Қостанай қаласында «Большевичка» өндірістік кооперативі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен өндірісті техникалық қайта жарақтандыру бойынша инвестициялық жобаны іске асырды.
Отандық өндіруші тоқыма өнеркәсібіндегі халықаралық сапа стандарттарына сай заманауи, автоматтандырылған жабдықты жеңілдетілген шарттармен сатып алды. Лизингтік қаржыландыру мерзімі – 8 жыл, жылдық мөлшерлемесі – 3%.
Өндірісті жаңғыртудың нәтижесінде кәсіпорын өндірістік қуатын едәуір арттырып, өнім ассортиментін кеңейтті және оның сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Бүгінде тігін фабрикасында 220 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның өнім түрлері кең ауқымды: арнайы киімдер, азаматтық және жұмысқа арналған киімдер, униформа, мектеп формасы, бас киімдер, плащ-палаткалар, іш киімдер, қорғаныш маскалары, сөмкелер мен рюкзактар. Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор компанияларының тапсырыстарын орындайды.
Айта кетейік, «Большевичка» тігін фабрикасының тарихы 80 жылды құрайды. Ұлы Отан соғысы кезінде кәсіпорын майданды әскери киіммен қамтамасыз етіп, стратегиялық маңызы бар өндіріс орындарының бірі болды.
Жаңғырту нәтижесінде фабрика өндіріс көлемін 2 еседен астам ұлғайтып, жылына 35 360 данадан 87 360 данаға дейін жеткізді.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауының арқасында өндірістік қуаттың айтарлықтай артуы кәсіпорында 50 жаңа жұмыс орнын ашуға және бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік берді.