Қазақстан Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қызметінің нәтижелері мен болашақ жоспарларымен танысты. Жиынға «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ, Қазақстан даму банкі және Өнеркәсіпті дамыту қорының басшылары қатысты.
Сенат Парламенті Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев Сенат пен Комитеттің негізгі назарында халықтың өмір сапасы мен тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған кәсіпкерлікті қолдау мәселелері тұрғанын атап өтті. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мақсаттарға қол жеткізу мәселесі талқыланды.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов өз сөзінде Холдинг тобы мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырушы екенін атап өтті.
Парламентарийлер «Қазақстанның даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаевтың баяндамасын тыңдап, ҚДБ-нің елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ұлттық қаржы институты ретіндегі негізгі қызмет бағыттарымен танысты.
Жиында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров өңдеуші өнеркәсіпті қолдау арқылы республика экономикасын дамытуға бағытталған институт қызметі туралы баяндады.
Жиын қорытындысында қатысушылар ортақ жоспарларды бекітіп, қойылған міндеттерді орындау үшін бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.