Абай облысының Семей қаласындағы «BusGroup» ЖШС автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен отандық өндірістегі Skywell маркалы қоғамдық көлікке арналған 15 жаңа заманауи электробус табысталды. Осы жылдың соңына дейін аталған тасымалдаушыға осындай тағы 5 электробус жеткізіледі.
«Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС өндірген бұл техника атмосфераға зиянды шығарындылар бөлмейтін экологиялық таза көлік болып табылады және қоғамдық жолаушылар тасымалы саласындағы халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Электробустар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнайы орындармен және пандустармен, интеллектуалды электрондық бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ ауа баптау жүйесімен жабдықталған.
Еске сала кетейік, 2022 жылдан бастап Семей қаласы Абай облысының әкімшілік орталығы болып табылады. Бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беріп, оның өңірлік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтты.
Қала халқының саны 320 мыңнан асады және тұрақты өсіммен сипатталады. Сонымен қатар, табиғи өсім мен ішкі көші-қон үдерістерінің нәтижесінде тұрақты жолаушылар ағыны артып келеді.
Жалпы алғанда, Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржылық қолдауымен Абай облысына қоғамдық көлікке арналған 196 жолаушылар автобусы жеткізілді.
Бүгінде «BusGroup» ЖШС қаланың ең көп жүктелетін бағыттарына қызмет көрсетеді. Аталған тасымалдаушының жалпы саны 20 электробус сатып алуы қаланың көлік жүйесінің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, зиянды шығарындыларды азайтуға, ауа сапасын жақсартуға және өңірдегі «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, бүгінгі таңда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен еліміздің түрлі өңірлеріне экологиялық таза отынды пайдаланатын жалпы саны 457 жолаушылар электробусы жеткізілді.
ESG күн тәртібіндегі экологиялық бағыт Қор қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Қор «жасыл» жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Sustainable Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі Өнеркәсіпті дамыту қорының жиынтық бағасын 63-тен 66 балға дейін көтеріп, ESG рейтингін «2» деңгейінде растады.




