
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қаржылық қолдауымен отандық өндірістен шыққан 139 жаңа қызметтік автокөлік тапсырылды.
Бұл автокөліктер заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және байланыс құралдарымен, бейнетіркеуіштермен, навигациялық жүйелермен, арнайы дыбыс және жарық сигналдарымен және өзге де қажетті жабдықтармен жарақталған.
Атап өту керек, ағымдағы жылы да Шығыс Қазақстан полициясына Қордың қаржылық қолдауымен осындай 59 бірлік көлік берілген болатын.

Шығыс Қазақстан құқық қорғау органдарының автопаркі Hyundai Elantra, Hyundai Tucson, Hyundai Sonata, Hyundai Palisade, Hyundai Staria сияқты автокөліктермен, сондай-ақ Hyundai Mighty EX9 эвакуатор-манипуляторымен толықты.
Жаңа көліктер тәртіп сақшыларының жылдам қимылдау мен оперативті реакция мүмкіндіктерін арттырып, қоғамдық тәртіптің нығаюына септігін тигізеді.
Полицияның материалдық-техникалық жабдықталуының айтарлықтай нығаюы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтардың алдын алуға үлкен ықпал етеді.
Жалпы ел бойынша Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен өңірлік полиция департаменттеріне 1604 бірлік арнайы автокөлік берілді.
Құқық қорғау органдарының автопаркін жаңарту мен толықтыру оқиға орнына дер кезінде жетуге мүмкіндік беріп, әр минута маңызды болған жағдайларда оперативті әрекет етуге бағытталған.
Полиция тәжірибесі көрсеткендей, әртүрлі құқықбұзушылықтардың алды мен салдарын болдырмау жедел әрекет етуді талап етеді, ал жаңа берілген техника бұл міндетті тиімді орындауға айтарлықтай жағдай жасайды.




