«ЗИКСТО» кәсіпорны жолаушыларға жайлы вагондар өндіре бастады
Call-center +7 (7172) 79-63-63

«ЗИКСТО» кәсіпорны жолаушыларға жайлы вагондар өндіре бастады

«ЗИКСТО» кәсіпорны жолаушыларға жайлы вагондар өндіре бастады

28.03.2023

Жолаушылар үшін ең қолайлы вагондар Петропавлда шығарыла бастады. «ЗИКСТО» кәсіпорны өндірген жаңа вагондардың бірнешеуі қазір Алматы-Маңғыстау, Алматы-Өскемен бағытында қатынап жүр. Отандық өнімнің қаншалықты қолайлы екенін жолаушылар бағалап үлгерді.

Алматы-Өскемен бағытына жолға шыққан мына пойыз жолаушыларында арман жоқ. 26 сағатты жолда өткізетін халық үшін «ЗИКСТО» кәсіпорны ұсынған бұл вагондар нағыз жайлы орынға айналады.

Екатерина Каримова Үндістанда демалып келе жатыр. Қайтар жолда осында жайлы да жарық купеге тап боламын деп ойламапты.

Екатерина Каримова, жолаушы:

- Вагонда ұсақ-түйекке дейін бәрі ескерілген. Ыстық су да бар, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш те бар екен. Жуынатын жер таза әрі ыңғайлы. Алаңдамай, үйде отырғандай жеттік. Әсіресе кішкене баламен жүргенде тіпті жақсы екен. Өз елімізде осындай өндіріс қолға алынғанына риза боп отырмын.

Вагондар 36 орынға арналған. 9 купе бар. Жатын орындар жолаушылардың тынығуына жайлы болуы үшін ыңғайланған. Желдеткіштер қойылып, санитарлық талаптардың сақталуына ден қойылған. Теледидар да қол созым жерде. Тіпті кішкене жолаушылар да бұның барлығын жоғары бағалады.

Тамир Каримов, жолаушы:

- Терезелері ашылады, іші таза.Телефонды қалай қуаттандырам деп қиналмайсың. Вагондар маған өте қатты ұнады.

«ЗИКСТО» АҚ өндірген вагондар аса төзімді. 40 жылға дейін мүлтіксіз қызмет көрсете алады.

Жандос Қайырбаев, жолаушы:

- Жаңа вагондар өте күшті, жайлы болды бізге, барлығы жаңа, әрине. Телефонды қуаттандыратын жерлер де істеп тұр.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ тапсырысымен жасалған бұл құрам жеделдігімен де тиімді. Сағатына 160 шақырым жылдамдыққа ілеседі. Аталған вагондар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен желіге қосылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов.

Көзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/593155-ziksto-k-siporny-zholaushylar-a-zhajly-vagondar-ndire-...