2025 жылғы 28 мамырда Астана қаласында «ҚАЗЛИЗИНГ-2025: Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаржыландыру көзі ретінде Қазақстандағы лизингті дамытудың перспективалары» атты Қазақстандағы алғашқы конференция өтті. Іс-шараға салалық мемлекеттік органдардың басшылары, даму институттары, ірі өндірістік кәсіпорындар, отандық тауар өндірушілер, банк секторының өкілдері, іскерлік қауымдастық мүшелері мен жетекші қаржы сарапшылары қатысты.
Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева сөз сөйледі. Ол Қордың еліміздегі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық кластерді кешенді дамытуға бағытталған қызметі, сондай-ақ қаржыландырудың қолжетімді құралдары мен бағдарламалары туралы баяндады.
Жанар Ибрашева инвестициялық жобаларды лизингтік қаржыландыру – еліміздің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық салаларын қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Соңғы 5 жылда Өнеркәсіпті дамыту қоры Қазақстан экономикасына шамамен 2 трлн теңге инвестиция тартты. Қордың активтері 2,4 трлн теңгені құрап отыр, ал лизингтік және несиелік портфельдерінің көлемі 2 трлн теңгеден асты. Өткен жылы Қордың қолдауымен еліміздің өңірлерінде машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, тұрмыстық техника өндірісі және басқа да салалардағы өңдеуші өнеркәсіпке қатысты 24 ірі жоба іске қосылды. Биыл Қор нақты сектор жобаларын әрі қарай қаржыландыруды жоспарлап отыр, – деп атап өтті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.
Қатысушылар Қазақстандағы лизинг нарығының серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Лизинг – өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаржыландырудың тиімді механизмі ретінде экономиканың маңызды құралдарының бірі саналады.
Конференция аясында Қазақстанның Ұлттық Лизингтік Қауымдастығын құру жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Жаңа кәсіби бірлестікке саладағы жетекші ұйымдармен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ да кірді. Бұл бастама елдегі лизинг саласын дамытуға тың серпін беріп, оны өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің өсу драйверіне айналдыруға бағытталған.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мәдина Әбілқасымова «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның саладағы көшбасшылық қызметін ерекше атап өтіп, қаржы секторын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ел экономикасына сіңірген еңбегі үшін Қор Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваны Құрмет грамотасымен марапаттады.
Сонымен қатар, конференция алаңында Қор өкілдерімен B2B форматында бірқатар кездесулер өтті. Потенциалды серіктестер мен қарыз алушылар Қордың қаржылық құралдары мен лизингтік қаржыландыру шарттары жөнінде жан-жақты кеңес алып, нақты ақпараттармен танысты.
Сондай-ақ, Қордың өкілдері бірқатар отандық өндірушілермен өндірістік қуаттарды ұлғайтуға бағытталған ынтымақтастық мәселелері бойынша алдын ала келіссөздер жүргізді.