2025 жылғы 23-24 мамыр күндері «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева Кенжеғали Сәғадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің (UIB) «Бизнес-әкімшілендіру» білім беру бағдарламасы бойынша бітіруші курс студенттерінің қорытынды аттестаттауына қатысты.
Аталған оқу орнында Жанар Шатырхановна емтихан комиссиясының арнайы шақырылған төрайымы ретінде студенттердің кәсіби дайындық деңгейін бағалап, өзінің мол тәжірибесі мен практикалық білімдерімен бөлісті. Саланың ерекшеліктеріне қатысты түлектер қойған сұрақтарға берген нақты әрі мазмұнды жауаптары үлкен қызығушылық тудырды. Жанар Ибрашеваның аттестаттауға қатысуы болашақ қаржыгерлер үшін кәсіби өсуге серпін беріп қана қоймай, олардың болашақ мансабында жарқын бағдарға айналды.
– Қазіргі таңда қазақстандық жастардың жоғары білім алуға деген ынтасының артып келе жатқанын үлкен қуанышпен атап өткім келеді. Бұл оң үрдіс – жастардың заман талабына сай маман атанып, кәсіби ортада және қоғамда өз орнын табу үшін білімнің маңызын терең түсіне бастағанының айғағы. Бүгінгі күрделі және бәсекелі жағдайда үздіксіз даму мен жаңа білімге ұмтылу аса маңызды. UIB түлектерінің академиялық білімнің өмірлік маңызы зор екенін жақсы түсінетіні қуантады. Бүгінгі кездесу барысында мен қазіргі заманғы сапалы білім мен кәсіби даму – болашақ мамандар үшін негізгі басымдық екенін ерекше атап өттім, – деді Жанар Ибрашева.
Кездесу аясында университет пен Қор арасындағы ынтымақтастық шеңберінде бірқатар студенттерге Қорда тағылымдамадан өтуге шақыру берілді. Бұл – олардың алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Кенжеғали Сәғадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің ректоры, техникалық ғылымдар кандидаты, доцент Анар Махметова «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваға аттестаттау комиссиясындағы белсенді қатысуы мен жастардың кәсіби дамуына қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.