Салаға жауапты мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшыларынан құралған қазақстандық делегация Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласындағы Ислам даму банкінің штаб-пәтеріне ресми сапар жасады.
Делегация құрамына «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева мен Қор төрағасының орынбасары Зульфия Зейнешева кірді. Сапар 8–11 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Оның мақсаты – халықаралық қаржы күн тәртібіндегі мәселелерді, жаһандық инвестициялық стратегияларды талқылау және әлемдік экономиканың трансформациялану жағдайында қосымша мүмкіндіктерді қарастыру.
Сапар аясында қазақстандық делегация өкілдері Ислам даму банкінің басшылығымен келіссөздер өткізіп, экономика салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өкілдері Жанар Ибрашева мен Зульфия Зейнешева келіссөздер барысында Қордың қызметі, қаржыландыру құралдары және Қор қолдауымен іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат ұсынды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының экономикасына ұзақ мерзімді әрі тұрақты инвестицияларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар Қазақстанның индустриялық және инфрақұрылымдық дамуын қолдау аясында ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.
Сапар қорытындысында диалогты жалғастыру және ынтымақтастықтың нақты тетіктерін пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.