2025 жылғы 18 тамызда Қарағанды облысының Саран қаласында «Silk Road Electronics» ЖШС-нің Самсунг теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.
Іс-шараға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Тимур Тюлебеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Индустрия комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, сондай-ақ Samsung Electronics Central Eurasia президенті ханым Юджин Чунг қатысты.
Ауқымды жобаны іске асыру барысында Қор тарапынан өндірістік ғимараттың капиталды құрылысына, сондай-ақ Самсунг компаниясының жоғары халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи әрі жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алуға кешенді қаржылық қолдау көрсетілді. Бұл шығарылатын өнімнің сенімділігі мен ұзақ мерзімді қызмет етуін қамтамасыз етеді.
Жаңа зауыттың іске қосылуы – қазақстан-корей өнеркәсіптік ынтымақтастығының дамуына маңызды қадам болып табылады және елімізде озық технологиялық өндірістерді локализациялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Зауыттың жобалық өндірістік қуаттылығы – жылына 1,1 миллион бірлік тұрмыстық техника.
Кәсіпорында шығарылатын Samsung кір жуғыш машиналары инновациялық функциялармен және SmartThings экожүйесімен интеграциямен жабдықталған. Бұл пайдаланушыларға құрылғыларды қашықтан басқаруға және жуу режимдерін оңтайландыру бойынша жеке ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зауытта Smart TV технологиясын қолдайтын жоғары ажыратымдылықтағы теледидарлардың — Crystal UHD 4K, FHD және HD модельдерінің өндірісі басталды. Бұл теледидарлар жарқын бейнесімен, ағындық сервистерге қолжетімділігімен және «ақылды үй» жүйелерімен үйлесімділігімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта QLED теледидарларын шығару жоспарлануда.
«Silk Road Electronics» зауыты жобалық қуатқа шыққан кезде кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны 1100 адамға дейін артады.