2025 жылғы 11 шілдеде Астана қаласында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен сатып алынған, алты жолаушылар вагонынан тұратын заманауи жаңа электр пойызы іске қосылды.
Жаңа электропойыз Астана – Бурабай бағыты бойынша жүздеген жолаушыны сапалы әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, бұл – Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен сатып алынған үшінші электр пойызы.
Жаңа буындағы теміржол көлігі «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін Петропавл қаласындағы отандық «ЗИКСТО» ЖШС зауытында өндірілген және ол цифрлық шешімдерден бастап көпдеңгейлі сервистік қызмет көрсетуге дейінгі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Елордадан Қазақстанның ең танымал туристік бағыттарының бірі – Бурабайға дейінгі сапар бар болғаны 2,5 сағатты құрайды. «Burabay Express» электропойызы аптасына бес рет қатынайтын болады.
374 орынға есептелген қала маңы электропойызы заманауи желдету және салқындату жүйесімен жабдықталған алты жайлы вагоннан тұрады.
Бүгінгі таңда ел халқының 60%-ы теміржол көлігін тұрақты түрде пайдаланады, бұл оның әлеуметтік маңыздылығын айғақтайды.
Сондай-ақ, бұл электропойыз — қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайтын, халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келетін «жасыл» көлік түріне жатады.
Аталған электропойыздарды сатып алудың нәтижесінде 15 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 3 электровоз машинисі, 3 көмекші машинист және 9 вагон жүргізушісі.
Айта кетейік, жалпы алғанда, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауы аясында республика теміржол саласына 600-ден астам жайлы жолаушылар вагоны сатып алынды, ал 2025 жылы тағы 60-тан астам вагон жеткізіледі деп жоспарлануда.