Қостанай қаласының индустриялық аймағында «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысына «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсетті. Бұл заманауи терминалдың қызметі халықаралық жүк тасымалы көлемін айтарлықтай ұлғайтуға, қажетті құжаттарды ресімдеуге, контейнерлік және қоймалық операцияларды жүзеге асыруға, жүктерді нормативтік температурада сақтауға және жүк ағындарын басқаруға бағытталады.
Көлік-логистикалық орталықтың құрылысы жоспарланған аумаққа «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаев және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов барды.
Аталған инфрақұрылымдық жоба – халықаралық көлік дәліздерін байланыстырып, жаһандық сауда мен кооперацияның өзегін қалыптастыратын, Еуразия құрлығындағы жетекші индустриялық және логистикалық хаб ретінде Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады.
Стратегиялық маңызы зор бұл жобаны іске асыру аясында Қор капиталды құрылыс пен қажетті жоғары технологиялық жабдықтарды, сондай-ақ арнайы терминалдық техниканы сатып алуды қамтитын кешенді қолдау көрсететін болады. Лизингтік қаржыландыру «ТЛК Тобыл» ЖШС-не жылдық 12,6% мөлшеріндегі бірыңғай мөлшерлемемен ұсынылады деп жоспарланған. Бұл кешенді терминалды 2027 жылдың соңында пайдалануға беру көзделуде.
Көлік-логистикалық кешен салынып жатқан орынға сапары барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығын ерекше атап өтті:
– Өнеркәсіпті дамыту қоры еліміздің экономикасының тұрақты дамуына, сайып келгенде, ЖІӨ-нің өсуіне бағытталған жобаларды жүйелі түрде қаржыландырып келеді. Қор тарапынан жобаларға қолдау көрсету кезіндегі басты өлшем – бұл ұзақмерзімді экономикалық және әлеуметтік тиімділік, яғни тиісті саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, «Тобыл» көлік кешенінің салынуы республиканың логистикалық әлеуетін едәуір нығайтып, тасымалданатын жүк көлемін айтарлықтай арттырады. Қазақстан өзінің Еуразия құрлығындағы географиялық орналасуын ескерсек, бұл бағытта зор мүмкіндіктерге ие. Біз бұл әлеуетті отандық экономиканың игілігі үшін тиімді пайдалануға тиіспіз және Қор қолдау көрсеткен логистикалық кешеннің құрылысы – осының айқын дәлелі. Сонымен қатар, көлік-логистикалық орталықтың Қостанайда орналасуы заңды құбылыс, өйткені мұнда түрлі жүктерді тұрақты түрде импорттайтын және өз өнімдерін экспортқа шығаратын көптеген өнеркәсіптік, машина жасау және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары шоғырланған, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров.
«Тобыл» халықаралық кешенінің жобалық қуаты жылына шамамен 400 мың контейнерді құрайды. Бұл Қостанай облысы арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен көлік-логистикалық орталықтың құрылуы шамамен 500 жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашады.