
2025 жылғы 24 қазанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ конференция залында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Проблемалық активтерді басқару департаментінің директоры Ермек Баймағамбетов пен Бағалау департаментінің директоры Елдос Ежембаев Республика күніне арналған марапаттарға ие болды. Салтанатты рәсім барысында Қор қызметкерлеріне «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Карагойшиннің атынан Алғыс хаттарды басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов табыс етті.
Ермек Баймағамбетов техникалық және заңгерлік білімі бар, мемлекеттік басқару және іскерлік әкімшілендіру магистрі. Ол «Өнеркәсіпті дамыту қорында» 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның жетекшілігімен Проблемалық активтерді басқару департаменті айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізді, соның ішінде салынған қаражаттың қайтарылуы көрсеткіштері де артты.
Ермек Баймағамбетовтың мемлекеттік қызметтегі өтілі 12 жылдан асады, ол Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен Әділет министрлігі жүйесінде еңбек еткен.
Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда, оның ішінде «Бәйтерек» холдингі жүйесінде 11 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Ол «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және «Технологиялық дамудың ұлттық агенттігі» АҚ құрамында бірқатар инвестициялық жобалардың құқықтық сүйемелдеуін қамтамасыз етіп, стресс және проблемалық жобалар бойынша бюджет қаражатын қайтару бағытында жұмыс атқарды.
Елдос Ежембаев жоғары экономикалық білімі бар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін үздік тәмамдаған. Ол 2012 жылдан бері «Өнеркәсіпті дамыту қорында» еңбек етіп келеді. 13 жылдық қызмет барысында тәуекелдерді басқару және бағалау департаментінің бас менеджерінен бастап бөлім басшысы лауазымына дейін көтеріліп, кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. 2019 жылы ол Бағалау департаментінің директоры болып тағайындалды.
Елдос Нұрланұлының басшылығымен Бағалау департаменті бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді: кепіл портфелінің сапасы жақсарды, қамтамасыз етуді бағалау процесі жетілдірілді және бизнес-процестер тиімдірек болды.
Бағалау саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде ол коммерциялық құрылымдарда және квазимемлекеттік секторда, соның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да еңбек еткен.




