
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Эко-Dump» ЖШС арасында Көкшетау қаласында, сондай-ақ Ақмола облысының Зеренді және Бурабай аудандарында қоқыс сұрыптау және өңдеу кешендерін құруға бағытталған қаржылық лизинг шарты жасалды.
Осы экологиялық жобаны іске асыру барысында осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алу 12 жыл мерзімге жылдық 3% жеңілдікті мөлшерлеме бойынша қолдауға алынды.
Осы кешендердің қызметі қатты тұрмыстық қалдықтарды, оның ішінде макулатураны, резеңкені, пластикті, шыны сынықтарын, металл және полимерлік бұйымдарды, әртүрлі мақсаттағы қаптамаларды, кондициясыз құрылыс материалдарын кешенді сұрыптауға және өңдеуге бағытталады.
3 қоқыс өңдеу кешенінің жобалық қуаты жиынтығында жылына 150 000 тонна ТТҚ құрайды, осының салдарынан жыл сайын шамамен 77 300 тонна қайталама шикізат өндіріледі, ол өнеркәсіптік мақсаттарда одан әрі пайдалану үшін қолданылады, нәтижесінде бұл кәсіпорын Ақмола өңірінің экологиялық инфрақұрылымының маңызды элементіне айналады.

Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен осы жобаны іске асыру өндірісте қайта пайдалану үшін қайталама пайдалы материалдарды сұрыптау, өңдеу, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдастырылған технологиялық тізбек арқасында экологиялық жүктемені және қоршаған ортаға эмиссияны азайтуға елеулі үлес қосуға арналған.
Осы кешенді пайдалану кезіндегі экологиялық әсер жерленетін қалдықтардың айтарлықтай қысқаруынан көрінеді, бұл бар қоқыс полигондарына жүктемені едәуір азайтады, өңірдің ТТҚ-ны өңдеу қажеттілігін толық жабады, сондай-ақ парниктік газдардың (CO₂) шығарындыларының азаюына әкеледі.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылық қолдауымен қоқыс өңдеу кешендерін салу 180 жаңа жұмыс орнын ашуға әкеледі.
Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп экологиялық теңгерімді нығайтуға бағытталған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды, өңдеуді және утилизациялауды жүзеге асыратын кәсіпорындарды қолдау бағдарламасы іске асырылуда.
Осы бағдарлама қолданылған кезең ішінде Қор бүкіл ел бойынша қызметі экологиялық теңгерімді сақтауға бағытталған 26 қоқыс өңдеу кәсіпорнын құруды және кешенді жаңғыртуды қолдады.




