2025 жылғы 18 сәуірде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Жасыл даму» АҚ және «Ақ Тәртіп» ЖШС арасында Алматы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау және шығару үшін 50 бірлік арнайы техниканы сатып алуға қатысты келісімге қол қойылды. Лизингтік қаржыландыру мерзімі 7 жылды құрайды және жылдық 3% жеңілдік мөлшерлемесін қарастырады.
Отандық өндірістегі JAC N200 маркалы автокөліктер қажетті жабдықтармен толықтай жарақталады. Айта кету керек, 2025 жылдың басында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен «Ақ Тәртіп» компаниясы ҚТҚ шығаруға арналған 3 арнайы автокөлік сатып алған болатын.
Аталған ұйымның иелігінде шамамен 200 бірлік арнайы техника бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған қосымша 50 жаңа техника кәсіпорынның автопаркін едәуір толықтырып, жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл автокөліктерді жеткізу ағымдағы жылдың ішінде жоспарланып отыр.
889 қызметкері бар «Ақ Тәртіп» ЖШС бұл салада 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және бүгінгі таңда Алматы қаласындағы ҚТҚ шығарумен айналысатын ірі ұйымдардың бірі болып табылады. Кәсіпорын 1 миллионға жуық абонентке және 14 мыңнан астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді.
Белгілі болғандай, коммуналдық қалдықтарды шығару – кез келген елді мекен, әсіресе мегаполис үшін өзекті мәселе. Қазіргі заманның басты міндеттерінің бірі – қоршаған ортаны сақтау. Қалдық көлемі ұлғайған сайын, экологияны сақтау жолындағы маңызды фактор – қаланың тазалығы болмақ. Бұл ретте тұрмыстық қалдықтарды кәсіби әрі тиімді түрде шығару ерекше маңызға ие.
Айта кету керек, 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және «Жасыл даму» АҚ бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату қызметімен айналысатын кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарлама еліміздің экологиялық тепе-теңдігін сақтау мақсатында жүзеге асырылуда.