Алматы облысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылай қолдауымен автоклавты газ блогын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Жобаны қаржыландыру аясында «ТК Газблок» ЖШС-не жылдық 9% мөлшерлемемен 7 жылға лизинг ұсынылды.
Отандық кәсіпорын осы саладағы ең озық стандарттарға сай келетін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Технологиялық желі жаңа құрал-жабдықтарды қамтиды, ал өндірістік процесс толық автоматтандырылған. Бұл жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді..
«ТК Газблок» ЖШС-нің өндірістік қуаты жылына 75 мың текше метр дайын өнім өндіруге жетеді. Кәсіпорын құрылыс материалдарына деген ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, көрші елдерге экспорттауды да жоспарлап отыр.
Газ блогы – бетонның жақсартылған физикалық-механикалық қасиеттерін қамтамасыз ететін, біркелкі ұяшықтармен толтырылған жасанды тас. Бұл ұяшықтар материалдың тығыздығын төмендетіп, оның салмағын цемент-құм ерітіндісіне қарағанда едәуір жеңіл етеді.
Белгілі болғандай, газ-бетон блоктары тұрғын үй, әкімшілік және өнеркәсіптік ғимараттарды салуда маңызды рөл атқарады. Олар сыртқы және ішкі қабырғалардың негізі ретінде кеңінен қолданылады, сондай-ақ қаңқалы-монолитті құрылыста негізгі материал болып табылады. Тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуын ескерсек, бұл құрылыс материалдарына деген сұраныс елде жыл сайын орта есеппен 7-10%-ға артып келеді.
Автоклавты газ-бетон блоктарын өндірудің технологиялық процесі шикізатты (цемент, құм, әк, алюминий ұнтағы) дайындау, компоненттерді араластыру, қалыптарға құю, түр қалыптастыру, газ түзу, кесу, автоклавтау және соңғы қаптау кезеңдерін қамтиды.
Өндірістік стандарттарға сай, автоклавты газ блогы арнайы пеште термоөңдеуден өтеді, бұл материалдың жоғары температурада беріктігін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, автоклавты газ блогы экологиялық таза, 85%-ы ауамен толтырылған ұяшықтардан тұратын көбік бетон құрылыс материалы болып шығады. Ол ылғалға, отқа және аязға төзімділігімен ерекшеленеді. Газ блоктарының жеңіл салмағы ғимараттардың іргетасына түсетін жүктемені 5 есеге дейін азайтып, газ бетонынан тұрғызылатын құрылыс қарқынын 10 есеге арттырады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен автоклавты газ блогын өндіретін жаңа зауыттың ашылуы 92 жаңа жұмыс орнын құруға және бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.