Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне отандық өндірістегі HOWO маркалы 8 бірлік заманауи өрт сөндіру көлігі табысталды. Арнайы техника «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Жасыл даму» АҚ қаржылық қолдауымен сатып алынды.
Жоғары технологиялы, мобильді арнайы автокөліктер орман қорын өрттен қорғауды күшейтіп, табиғатты тілсіз жаудан сақтауға мүмкіндік береді.
Аталған автокөліктер ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің техникалық тапсырмасы негізінде жасалған. Олар ең күрделі ауа райы мен жер бедерінде жұмыс істеуге бейімделген. Сонымен қатар, бұл техника ЕВРО-5 экологиялық стандартына сай келеді.
Өрт сөндіру машиналары көлемді су цистерналарымен және өрт сөндірушілерге қажет кешенді жабдықтармен жабдықталған. Әрбір көлікте кузов пен доңғалақ доғаларын суаруға арналған жүйе бар. Бұл жүйе көліктің қозғалыс кезінде де өрт сөндіруіне мүмкіндік беріп, орман өрттерін тиімді сөндіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл техникалар жоғары өтімділігімен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде орманның ең қол жетпес учаскелеріне жетуге жол ашады.
Өрт сөндіру автопаркін жаңарту мен толықтыру – өрт шығу жағдайында жедел әрекет етуді қамтамасыз етуге және орман өрттерінің таралуының алдын алуға, ұлттық парктің бірегей табиғатын сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, биыл «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Жасыл даму» АҚ және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Қарқаралы ұлттық паркінде және еліміздің басқа да өңірлерінде өртті ерте анықтау жүйесі енгізіледі. Жоғары дәлдіктегі бағдарламалық-аппараттық кешендерді орнату барысында осы саладағы халықаралық стандарттарға сай алдыңғы қатарлы технологиялар пайдаланылады. Бұл жүйенің жүйелік интеграторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ қызмет атқарады.
Бейнебақылау камералары орнатылған мұнаралық құрылғылардан тұратын бұл технологиялық жүйе орман қорының жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал өрт ошақтарын дер кезінде анықтап отырады. Бағдарламалық-аппараттық кешендерді енгізу – өртке жедел әрекет ету мен оны бастапқы кезеңінде оқшаулау үшін маңызды қадам.
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. Флорасы мен фаунасы әртүрлі, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсетін бұл парк аумағы 112 мың гектардан асады.