Отырыс барысында ҚҚҚ жанындағы Лизинг комитетінің қызметі, лизингтің даму үрдістері және лизингтік қызмет статистикасы талқыланды. ҚҚҚ алаңында 14 белсенді лизингтік компания өкілдері бас қосып, саланың өзекті мәселелерін талқыға салды.
Отырысты ҚҚҚ жанындағы Лизинг комитетінің Төрағасы, «Халық-лизинг» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Айгүл Оразбайқызы Таттыбаева ашты. Ол лизингтік қызметтер нарығын шоғырландырудағы Лизинг комитетінің маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Отырыс қатысушыларына «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (ӨДҚ) Басқарма Төрағасының орынбасары Жанар Шатырханқызы Ибрашева баяндама жасады. Ол Қордың лизингтік қызметтерді дамытудағы жетекші рөліне, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды лизингтік қаржыландырудағы ӨДҚ қызметіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, жеке лизингтік компанияларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Отырыс аясында халықаралық тәжірибе де қарастырылды: «Лизингтік одақ» КЕС Директоры және Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Лизинг жөніндегі кіші комитет Төрағасының орынбасары Евгений Маркович Царев Ресейдегі лизингтік қызмет процестерін цифрландыру жөнінде баяндама жасады.
Қатысушылар лизинг саласын дамыту және жеке тұлғалар арасында лизинг қызметін кеңейту мәселелерін де талқылады.
Анықтама: ҚҚҚ жанындағы Лизинг комитеті 2021 жылы ҚҚҚ-ға мүше лизингтік компаниялардың бастамасымен құрылды. Оның негізгі мақсаттары – лизингті дамытуға және танымал етуге жәрдемдесу, лизингтік компаниялардың қызметін үйлестіру және мүдделерін келісу, мемлекеттік органдар мен лизинг нарығы қатысушылары арасындағы өзара әрекетті ұйымдастыру, сондай-ақ шетелдік лизингтік компаниялармен және қауымдастықтармен ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу. ҚҚҚ жанындағы Лизинг комитетінің құрамына 9 жетекші лизингтік компания кіреді.
Дереккөз: Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сайты