Саран қаласында орналасқан отандық автобус және коммерциялық техника өндірушісі — «QazTehna» зауыты елімізде автокөлік корпусының бөлшектерін шығаратын алғашқы штамптау өндірісін іске қосатынын мәлімдеді.
Жоба өндірістің толық циклін жолға қоюға бағытталған ірі инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Қаржыландыру кәсіпорынның өз қаражаты мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауы есебінен қамтамасыз етілуде.
Жаңа өндірістік желі жалпы ауданы 10 693 шаршы метрді құрайтын заманауи корпус базасында орналасады. Мұнда Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз гидравликалық штамптау пресі орнатылып, автобус корпусының бөлшектерін өндіруге арналған.
Жаңа технологиялық база дайын өнімдегі қазақстандық мазмұн үлесін едәуір арттыруға, сондай-ақ өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Шикізат ретінде отандық металлургиялық комбинат жеткізетін 08КП маркалы мырышталған қазақстандық болат қолданылады. Бұл болат халықаралық сертификаттаудан өтіп, әлемдік сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.
Аталған жоба — индустрияландыру және импортты алмастыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Ол Қазақстанның өндірістік дербестігін нығайтуға бағытталған отандық өнеркәсіптің нақты үлесін көрсетеді.
Бастапқы кезеңде өндіріс Yutong маркалы қалалық, туристік және мектеп автобустары үшін корпустық бөлшектерді шығаруға бағытталады. Алдағы уақытта өндіріс ауқымы кеңейіп, HOWO маркалы автобустар мен коммерциялық техниканың жаңа үлгілерін қамтитын болады.
«QazTehna» зауытының басты мақсаты — өндірісті терең локализациялау және технологиялық кластер қалыптастыру. Бұл — отандық шикізатты кеңінен пайдалану, жоғары деңгейдегі өңдеуді енгізу және аралас өндірістерді дамыту арқылы жүзеге асырылады.