«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық өндіруші — «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер шығаруға арналған жаңа, заманауи жабдық сатып алуын қолдады. Қаржылық лизинг 5 жыл мерзімге берілді.
Шымкент қаласында орналасқан кондитерлік фабрикаға азық-түлік өнеркәсібіндегі жоғары халықаралық стандарттарға сай вафли өнімдерін шығару үшін технологиялық желі орнатылды. Сонымен қатар бұрын қолданылған электр пештері газ пештеріне ауыстырылды, бұл кәсіпорынның отын-энергетикалық ресурстарға жұмсалатын шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Қордың қолдауымен жаңа жабдықтың жеткізілуіне байланысты фабриканың өндірістік қуаты 20%-дан астам өсіп, сағатына 660 кг-нан 800 кг-ға дейін артатын болады.
«Рахат-Шымкент» ЖШС-нің өндірістік қызметінің тарихы 2001 жылдан бастау алады, ол кезде тәтті өнімдер шығару ұйымдастырылып, алғашқы дайын өнім партиясы шығарылған болатын. Шамамен ширек ғасырда отандық кәсіпорын өндіріс көлемін 6 есеге —3,5 мың тоннадан 21 мың тоннаға дейін ұлғайтты.
Бүгінгі таңда «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің кең ассортименті вафли, печенье, кәмпит, зефир, мармелад және басқа да кондитерлік өнім түрлерін қамтиды. Тек 2024 жылдың өзінде кәсіпорын шамамен 21 000 тонна кондитерлік өнім өндірді. Кондитерлік фабрика тәтті өнімдерін республика өңірлерінің барлығына жеткізеді. Қазіргі уақытта кәсіпорында 776 қызметкер жұмыс істейді.




