Шымкент қаласында, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жаңа трикотаж өнімдерін өндіретін фабрика іске қосылды. Аталған инвестициялық жоба аясында Қор кәсіпорын ғимаратының құрылысын және заманауи тігін жабдықтарын сатып алуды қаржыландырды.
Айта кетейік, Қазақстанның үшінші мегаполисінде ашылған жаңа өндіріс жоғары технологиялық сипатқа ие. Мұнда тоқыма өнеркәсібінің халықаралық стандарттарына сай автоматтандырылған жабдықтар қолданылады.
Өндіріс процесі бір цилиндрлі дөңгелек шұлық тоқу станоктарында автоматтандырылған технологиямен жүзеге асырылады. Бұл станоктарда шұлықтар тікелей тоқылады. Құрылғы өнімді шығарып, оны контейнерлерге салып, дайындау аймағына, содан кейін шұлықтар бу арқылы 36-дан 42-ге дейінгі өлшемдерге автоматтандырылған жабдықта қалыптастырылатын қалыптау-орау цехына тасымалдайды. Қалыптаудан кейін шұлықтар автоматты түрде таңбаланып, дайын өнім оралып, қоймаларға жеткізіледі.
«Balabi Textile» ЖШС өндірістік қуаты жылына 50 миллион жұп шұлық шығаруға мүмкіндік береді. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы тоқыма өнімдеріне деген жылдық сұраныс 189 миллион жұптан асып, жыл сайын орташа есеппен 3,6%-ға артып отыр.
Фабрика өз өнімдерін ішкі нарыққа жеткізіп қана қоймай, көршілес елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
Жаңа кәсіпорын орналасатын жерді таңдаудағы негізгі фактор – шикізаттың, яғни мақтаның, қолжетімділігі болды. Мақта дәстүрлі түрде республиканың оңтүстік өңірлерінде өсіріледі.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен іске қосылған трикотаж өнімдерін өндіру фабрикасының ашылуының арқасында 368 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін салық түсімдері артатын болады.