Тараз қаласында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жаңа шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылды. Бұл аймақ жаңа өндірістерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың қуаттылығын арттыруға бағытталған.
«Тараз» ӘКК аумағында орналасқан шағын өнеркәсіптік аймақтың мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілерін дайын өндірістік алаңдармен қамтамасыз ету. Осылайша, Қордың қолдауымен отандық өндірушілердің дамуына қосымша жағдай жасалып отыр.
Тараздағы шағын өнеркәсіптік аймақ жалпы ауданы шамамен 40 000 шаршы метрді құрайтын 10 заманауи өндірістік ғимараттан тұрады. Аталған нысандар 3 гектардан астам аумақта орналасқан. Бұл кең өндірістік ғимараттарда экономиканың түрлі кластерлеріне жататын, тігін өндірісінен бастап құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға дейін орналастырылады.
Бүгінгі таңда Тараз — республика бойынша халық саны жағынан алтыншы қала, мұнда 430 мыңнан астам адам тұрады. Жамбыл облысының әкімшілік орталығы ретінде Тараз жоғары іскерлік белсенділікпен, түрлі экономикалық салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындар мен өндірістердің тұрақты өсуімен ерекшеленеді.
Жаңа тауар өндірушілер үшін ең өзекті мәселелердің бірі — қажетті өндірістік ғимаратты сатып алу немесе жалға алу болып табылады. Өнеркәсіпті дамыту қорының бұл бастамасы дәл осы мәселені шешуге бағытталған: өнеркәсіптік стартаптар мен өндірісін кеңейткісі келетін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсету.
Аталған өнеркәсіптік аймақтың ашылуының маңызды факторларының бірі — отандық кәсіпкерлер үшін өндірістік нысандарға нарықтық бағадан әлдеқайда төмен қолжетімділік болуы. Бұл өз кезегінде бизнесті дамытуға қосымша ынталандыру береді.
Жалпы алғанда, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бірнеше маңызды мақсаттарды көздейді:
- Кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық қолдау көрсету — шағын және орта бизнес үшін дайын әрі ыңғайлы өндірістік база құру. Бұл кәсіпкерлердің бастапқы шығындарын азайтып, өндірісті дамытуға толықтай назар аударуына мүмкіндік береді;
- Бәсекеге қабілетті өндірістік қуаттарды дамыту — шағын өнеркәсіптік аймақтар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа өндірістердің пайда болуына жол ашады;
- Жергілікті халықты жұмыспен қамту — бұл аймақтардағы шағын және орта бизнестің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады.
Сонымен қатар, шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру ел экономикасының нығаюына ықпал етеді, шағын және орта бизнестің үлесін арттырады, бюджетке түсетін салықтық түсімдердің өсуіне әсер етеді және бұл ұзақ мерзімді кезеңде мультипликативті нәтиже береді.