2024 жылғы 13 желтоқсанда Астана қаласында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылай қолдауымен сатып алынған алты ыңғайлы жолаушылар вагоны бар жаңа заманауи электр пойызы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на салтанатты түрде тапсырылды.
Іс-шараға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты.
Жаңа электр пойызы Астана-Бурабай бағытында теміржол көлігімен жүздеген жолаушыны сапалы әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін болады.
- «Өнеркәсіпті дамыту қорының корпоративтік саясатының іргелі, негізгі қағидаты – бұл біздің отандастарымыз үшін ұзақ мерзімді әсері бар әлеуметтік бағытталған жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Сөзсіз, қордың қаржылай қолдауымен ыңғайлы вагондары бар электр пойызын сатып алу – біз жоспарлы түрде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік стратегиямыздың тағы бір айғағы. Қор қоғамдық көлікті жаңарту, оның ішінде теміржол көлігін жаңарту жобаларын жүйелі түрде іске асыруда, себебі бұл қызметтерді еліміздің мыңдаған азаматтары күн сайын пайдаланады», – деп атап өтті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров.
Айта кету керек, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанның теміржол көлігімен 19,8 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға артық. Қазіргі таңда ел халқының 60%-ы теміржол көлігін тұрақты пайдалануда, бұл оның әлеуметтік маңыздылығын айқындайды.
Сатып алынған электр пойызы экологиялық талаптарға сәйкес келетін және атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайтын «жасыл» көлік түрлеріне жатады.
Бұл инвестициялық жоба аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылық қолдауымен «ЗИКСТО» АҚ-ның отандық өндірісіндегі жалпы 3 бірлік вагондық электр жылжымалы құрамдары жеткізіледі.
Аталған электропоездардың сатып алынуы 15 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді, оның ішінде 3 ЭЖҚ машинисі, 3 машинист көмекшісі және 9 вагон жолсерігі болады.
Сондай-ақ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылай қолдауымен республиканың темір жол саласы үшін 534 жайлы жолаушылар вагоны сатып алынғанын атап өту қажет, оның ішінде 2024 жылы 150-ден астам вагон алынған.